XXI ғасырдағы геосаяси тәртіп: АҚШ-тың жаңа шахмат тақтасы

Арнайы сараптаманы төмендегі жазба арқылы оқуға болады.

Күн ілгері Жаһан жұртын дүрліктірген ақпараттар легінде, әуелі Ақ үй басшысының: "АҚШ-тың Балтық елдеріне (Латвия, Литва, Эстония) әскери көмекті азайтумен қатар, НАТО-ға қолдауды қысқартамыз", — деген , және Дональд Трамптың: "Ауғанстанға қарата Баграм базасын АҚШ-қа беруі керек", — атты мәлімдемесімен басталып, ізінше Эстония аспанын үш ресейлік МиГ-31 жойғыш ұшағының бұзып кіруімен жалғасын тапса, бүгінгі күні жаңалықтардың көшін Франция, Ұлыбритания, Канада, Австралия және Португалия т.б. елдердің Палестина мемлекетін мойындағаны туралы ақпараттар бастады. Дейтұрғанмен, бейбітшілікті дәріптеген Кәрі құрлық елдерінің, оның ішінде Рим жұртының тыныштығы кетіп, мазасы қашты, оған себеп — ел билігінің Палестинаны мойындау туралы бастаманы кейінге қалдыруы еді. Әгараки мүдделер арасындағы құбылмалы геосаяси жүрісті біз өз халімізше қысқаша тәржімалап көрсек.

АҚШ-тың Үнді–Тынық мұхиты аймағындағы геосаяси ықпалы – қазіргі таңда Ақ үйдің Қытайға қарсы тұруындағы басты стратегиялық козыры болып табылады. Қытайдың ғаламдық үстемдікке ұмтылуы мен қатар, 5G, жасанды интеллект, чиптер өндірісі және ғарыш саласы сияқты ғылыми-технология салаларында бәсекелестігі Ақ үйдің Қытайды әлемдік тәртіпті қайта құруға тырысатын ұзақ мерзімді және ауқымды қатер деп бағалауына әкелді.

Сонымен қоса, Тайвань мәселесі — бұл АҚШ пен Қытай арасындағы әскери қақтығыс болуы мүмкін қаупті аймақ болып табылады . Оған себеп:

1. Тайвань — әлемдегі озық микрочиптердің 90%-ға жуық бөлігін өндіретін ел. Бұл чиптер смартфоннан бастап, әскери техникаға дейін барлық жерде қолданылады. Сонымен қоса, электроника, телекоммуникация құралдары, жоғары технологиялы жабдықтар өндірісінде де әлемдік маңызы бар салмақты ойыншы. Егер Тайвань Қытай бақылауына өтсе, Қытай чип өндірісін бақылауға алып, бүкіл әлемнің технологиялық тізбегіне әсер етуі мүмкін.

2. Тайвань — Қытай мен Жапония, Филиппин, Оңтүстік Корея арасындағы "Бірінші аралдар тізбегінде" орналасқан. Бұл тізбек АҚШ пен оның одақтастарының Қытайдың теңіздегі ықпалын тежеу аймағы ретінде қарастырылады.

3. Тайвань — Қытайдың саяси-идеологиялық мақсаты ("Біртұтас Қытай"), және Тынық мұхитқа шығатын негізгі қақпа. Тайваньды бақылау -Оңтүстік Қытай теңізіне және бүкіл Тынық мұхитына, сондағы Қытайға бәсекелес елдермен АҚШ-тың Тынық мұхиттағы әскери ықпалына қарсы тұра алатын бірден-бір мүмкіндік.

Сондықтан да, Қытай Тайваньды өз қарамағына қосуды ұзақтан бері жоспарлап келе жатқаны — ақиқат.

Алпауыт державалар арасындағы мүдделер қақтығысында АҚШ бір мезгілде Ресей мен Қытайға қарсы геосаяси және геоэкономикалық тұрғыда соғыс жүргізе алмайды, сондықтан да Дональд Трамптың командасы АҚШ пен Ресей арасындағы шиеленісті азайту мақсатында Балтық елдеріндегі әскери белсенділікті төмендету сияқты ымыралы геосаяси қадамдар жасағаны анық. Бұл өз кезегінде, қолдағы әскери-экономикалық ресурстарды Қытайға қарсы бағытталған AUKUS (Австралия – Ұлыбритания – АҚШ), QUAD (АҚШ – Жапония – Үндістан – Австралия), Blue Dot Network (АҚШ, Жапония, Австралия) сынды альянстарға жұмсауға мүмкіндік береді.

Ал, Ақ үйдің "НАТО-ға қолдауды қысқартамыз" атты мәлімдемесіне қысқаша тоқталсақ, бұл, жоғарыда атап өткеніміздей, АҚШ-тың ішкі-сыртқы саяси, экономикалық және стратегиялық мүдделеріне байланысты жасалған қадам.

Оған бірнеше факторды мысал ретінде қарастыруға болады:

1. ХХ ғасырда АҚШ-тың басты стратегиялық бағыты — Еуропадағы Кеңес Одағы мен Ресейге қарсы тұру болса, ХХІ ғасырда Қытайдың қарқынды дамуы мен жаһандық ықпалын арттыруы Америка стратегиялық назарын Азияға аударуға мәжбүр етті. Демек, АҚШ өз ресурстарын Еуропадан Азияға көбірек бөле бастағаны ақиқат. Бір сөзбен айтқанда, АҚШ-тың ендігі кезектегі негізгі геосаяси һәм геоэкономикалық ойын алаңы — Азияда өтеді.

2. АҚШ үшін бұл — бюджет тиімділігін арттыратын қадам болуы мүмкін. НАТО-ның қорғаныс жүйесін көбіне АҚШ қаржыландырады. Демек, дипломатиялық қысым жасау арқылы бұл НАТО елдерінен қорғанысқа көбірек ақша бөлуін талап етеді, сол арқылы әскери міндеттемелерін орындауын жеделдетеді.

3. НАТО — негізінен Еуропаға бағытталған альянс. Ал бүгінгі таңда АҚШ үшін Қытаймен экономикалық, әскери және технологиялық бәсекелестік әлдеқайда өзекті мәселе. Сондықтан, жоғарыда атап өткеніміздей, НАТО-дан ресурстарды азайту арқылы АҚШ Азиядағы альянстарға (AUKUS, QUAD) көбірек көңіл бөледі, Тайвань, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдермен қорғанысты нығайтады.

АҚШ-тың бұл әрекеті Кәрі құрлықтағы жеке, автономды қорғаныс стратегияларын дамыта бастайды. Мысалы: "Еуропалық армия" идеясы (Франция–Германия бастамасы). Бұл — НАТО-дан бөлек жаңа әскери альянстар немесе Еуроодақтың қорғанысын күшейтуі мүмкін дегенді білдіреді. АҚШ-тың өз геосаяси және геоэкономикалық бағытының өзгерісі — жаһандық тепе-теңдікті өзгерте алатын, Еуропа, Ресей және Қытай арасындағы күштің қайта бөлінуіне жол ашатын өте маңызды қадам болып табылады. Сондықтан, Ақ үй тарапы Кәрі құрлық елдерімен, мүмкін, басқа да державалар арасында ашық және жасырын келіссөздер арқылы өз мүддесін ақтап алуға тырысатыны анық.

Осыған жауап ретінде Кәрі құрлық елдері бірінен кейін бірі Палестина тәуелсіздігін мойындайтыны туралы қарар қабылдады.

Сол арқылы: АҚШ-тан тәуелсіз, дербес сыртқы саясат жүргізе алатындығын көрсетіп, жаһандық маңызды ойыншы статусында бағалануды көздеген болуы ықтимал. Сонымен қоса: аталған елдердегі ішкі саясатта және электоратта мұсылман қауымдастығының үлес салмағы артып келеді және ислам елдерімен — Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Оңтүстік Азия — экономикалық және саяси байланысты нығайтудың оң қадамы ретінде бағаланады.

Бірақ, айта кетерлік жайт — Палестинаның тәуелсіздігінің мойындалуы оның егеменді ел болып кеткенін білдірмейді. Ол үшін Палестинаның саяси элиталары мен партиялары біраз жұмыс атқаруына тура келеді...

Дональд Трамптың Ауғанстанға қарата: "Баграм базасын АҚШ-қа беруі керек", — атты мәлімдемесіне тоқталсақ, бұл да Ақ үйдің Қытай, Ресей, Иран және Орталық Азияға қарата жасалған геосаяси қадамының бірі деуімізге болады.

Өйткені, Ауғанстан — Орталық Азия мен Оңтүстік Азияның түйіскен жері, Қытай мен Ресейге өте жақын. Егер АҚШ Баграм базасын қайта иеленсе, бұл база арқылы Қытайдың Шыңжаң аймағын, Ресейдің оңтүстік шекарасын, Иранның шығыс бөлігін бақылауда ұстауға болады. Яғни, Қытайдың "Бір белдеу — бір жол" жобасын бақылауға, құрлықтағы логистикалық және барлау операцияларын жүргізуге ыңғайлы аймақ болмақ. Бұл тек әскери база емес — геоэкономикалық шайқастағы маңызды платформа болады. Бірақ, АҚШ-тың Баграм базасын қайтып алуы — дипломатиялық тұрғыдан өте күрделі процесс, мүмкін орындалмауы да ықтимал.

Мейлі қалай десек те, ХХІ ғасыр — кейбір алып державалардың күні батып, кейбір бодандықтағы елдердің таңы атып, өз тәуелсіздігін алатын дәуір болуы да ғажап емес...

Дереккөз:   

https://www.geopoliticalmonitor.com/chinas-wakhan-corridor-dilemma-economic-development-or-security/

https://www.geostrategy.org.uk/research/the-geopolitics-of-aukus/


ЕРТҰРАН ЖҰМАҚАНҰЛЫ


Бөлісу